Қаріп өлшемі:
Сайт түсі:
Суреттер:
Сайт мәзірі

«Ойын арқылы оқыту» — біздің тәжірибе

Ойын – мектеп жасына дейінгі баланың негізгі әрекеті және қоршаған ортаны танып-білуінің тиімді жолы. Ойын барысында баланың қызығушылығы артып, ойлау, есте сақтау, зейін қою, салыстыру, талдау және шешім қабылдау қабілеттері дамиды. Сонымен қатар бала өз ойын еркін жеткізуге, құрбыларымен қарым-қатынас жасауға, ортақ ережеге бағынуға, кезегін күтуге және бірлесіп әрекет етуге үйренеді.

Сюжеттік-рөлдік ойындар арқылы балалар ересектердің еңбегімен, түрлі мамандықтармен және күнделікті өмірдегі жағдаяттармен танысады. Олар дәрігер, тәрбиеші, құрылысшы, аспаз немесе сатушы рөлдерін орындау барысында еңбекті бағалауды, жауапкершілік пен қамқорлықты меңгереді. Ал театрландырылған ойындар баланың сөздік қорын молайтып, байланыстырып сөйлеуін, дұрыс дыбыстауын, шығармашылық қиялын және әртүрлі эмоцияларды білдіру қабілетін жетілдіреді.

Қимылды ойындар баланың дене белсенділігін арттырып, ептілік, шапшаңдық, тепе-теңдікті сақтау және қимыл үйлесімділігін қалыптастырады. Дидактикалық, логикалық және зерттеушілік ойындар баланың танымдық белсенділігін күшейтіп, ізденуге, тәжірибе жасауға және өздігінен қорытынды шығаруға жетелейді.

Балалардың жас ерекшеліктері мен жеке қажеттіліктеріне сәйкес ұйымдастырылған дамытушы заттық-кеңістіктік орта олардың еркін таңдау жасауына, бастамашылдығы мен дербестігін көрсетуіне мүмкіндік береді. Ойын үдерісінде инновациялық әдістер мен заманауи технологияларды орынды қолдану баланың коммуникативтік, танымдық, зияткерлік, шығармашылық және әлеуметтік-эмоционалдық дағдыларын кешенді түрде дамытуға ықпал етеді.

Осылайша, ойын – баланың уақыт өткізу әрекеті ғана емес, оның тұлғалық қалыптасуына негіз болатын маңызды тәрбие мен білім беру құралы. Ойын арқылы бала қоршаған әлемді танып, өз қабілетін ашады, достық қарым-қатынас орнатады және болашақ өмірге қажетті маңызды дағдыларды меңгереді.

https://www.instagram.com/reel/DXuD1L1Cmo3/?stkn=MTU3Z21paHY3dGYzOA==

«ЕРТЕ ЖАСТАН ЕҢБЕККЕ ЖӘНЕ КӘСІПКЕ БАУЛУ» ПИЛОТТЫҚ ЖОБАСЫ