КМҚК «Ақерке» бөбекжайындағы дамытушы орта
КМҚК «Ақерке» бөбекжайында балалардың жас ерекшеліктері мен қызығушылықтарына сәйкес қауіпсіз, қолжетімді және мазмұнды заттық-кеңістіктік дамытушы орта ұйымдастырылған. Топ бөлмелері мен дәліздерде «Ұлттық балабақша», «Жасыл балабақша», «STEAM балабақша» бағыттарындағы орталықтар, мобильді кітапхана, жол қозғалысы ережелері, мамандықтар және сюжеттік-рөлдік ойын бұрыштары орналасқан. Сонымен қатар бассейн, тұзды шахта, сенсорлық бөлме, құм терапиясы және М. Монтессори кабинеттері жүйелі жұмыс істейді.
Дамытушы орта балалардың физикалық, коммуникативтік, танымдық, шығармашылық және әлеуметтік-эмоционалдық дағдыларын кешенді дамытуға бағытталған. «Ұлттық балабақша» ұлттық құндылықтарды дәріптесе, «Жасыл балабақша» экологиялық мәдениетті қалыптастырады, ал STEAM орталығы тәжірибе жасау, зерттеу, модельдеу және құрастыру қабілеттерін дамытады. Бөбекжай ауласындағы жылыжайда балалар көкөніс пен жеміс дәндерін отырғызып, күтіп-баптап, өнім жинау арқылы еңбекке баулынады және «Таза Қазақстан» акциясына белсенді қатысады.
Ойыншықтар, кітаптар, шығармашылық және дидактикалық материалдар балаларға қолжетімді ашық сөрелерге орналастырылған. Балалар құралдарды өздігінен таңдап, жеке, жұппен немесе топпен еркін әрекет етеді. Орталықтардың мазмұны тақырыпқа, маусымға және балалардың қызығушылығына қарай жаңартылып отырады. Барлық жиһаздар мен жабдықтар қауіпсіздік және инклюзивтілік талаптарына сай орналастырылып, әр баланың еркін қимылдауына, зерттеуіне, шығармашылығын дамытуына және алған білімін күнделікті өмірде қолдануына қолайлы жағдай жасалған.
2025-2026 оқу жылынан бастап бөбекжай «Ерте жастан кәсіпке және еңбекке баулу» жобасы аясында жұмыс жасап келеді. Бөбекжайда «Зергерлік зертхана» бұрышы, «Құрылысшы алаңы», мамандықтарға байланысты дамытушы бұрыштары жасалды.





















































